Анаға тағзым

«Ананы ешқашан екінші орынға қоюға болмайды»

«Анаға тағзым» республикалық слетіне шақырылған құрметті қонақтардың бірі — Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың жары Клара Жұмабаева.

Халқының асыл перзенті, көрнекті жазушы Әбіш Кекілбаевпен жарты ғасырдан астам уақыт отасқан Клара апай өзінің ананы ардақтауға, отбасы құндылықтарын насихаттауға бағытталған әр бастаманы ризашылықпен қолдайтынын айтады:

— Біз — соғыс кезінде өсіп, аналардың ерлігін, жеңіске қосқан үлесін күнделікті көзбен көріп, көңілге түйіп есейген ұрпақтың өкіліміз. Майданға аттанған ер-азаматтың орнын басып, күні бойы түздің шаруасында жүретін аналарымыз кешкілік тағы да сығырайған шамның жарығымен жылы киімдер тоқып немесе тігіп отыратын. Бұлар — майдандағы жауынгерлерге жіберілетін бұйымдар. Аналарымыз қару ұстап, соғысқа бармаса да, майдангерлердің әр күнін, әр сәтін жеңілдетуге, оларды ерлікке жігерлендіруге үлес қоса алатындарын сезінді, соған бар күш-қайраттарын жұмсап, тырмысты, маңдай терлерін төгіп, аянбай еңбек етті. Сөйте жүріп, бізді, яғни бауырындағы балаларын адамгершілікке, ізгілікке тәрбиелеуді, жақсылыққа жетелеуді ұмытпады. Сонысымен де олар ұрпаққа мәңгі үлгі болып қалмақ. Әрине, бейбіт күннің де өз күресі, өз мақсаттары болады. Ел басына күн туғанда, үлкен ерлікке бел буғанӘлия, Мәншүк, Хиуаздардың немесе тылда тынбай еңбек еткен біздің аналарымыздың қайраты, даналығы, туған елге деген жанашырлығы бейбіт күнге де керек. Әр шаңырақтағы бала тәрбиесінің өзі әр анаға күнделікті үлкен жауапкершілік жүгін артады. Әр ана оны абыроймен атқаруға, баласын адам қылып, азамат етіп өсіруге талпынады. Әйел-анасыз еш шаңырақ өмірдің жылуы мен шаттығын сезіне алмайды. Сондықтан да,Ана — ешқашан екінші орынға қоюға болмайтын тұлға, — дейді ол.

— Жақын жылдары Ақтөбедегі кездесулердің бірінде сіз Әбіш ағамен екеуіңіздің өміріңізде біздің өңірдің ерекше орны барын айтқан едіңіз?..

— Әбіш екеуміз бір мектепте оқығанбыз. Ол менен бір класс жоғары оқыды. Мектепті бітірген соң, Әбіш Алматыға барып, оқуға түсті. Ал мен Ақтөбедегі медицина институтында оқыдым. Медицина институтын 1964 жылы,екінші ұшырған түлектерінің қатарында бітірдім. Сол жылы шаңырақ көтеріп, 51 жыл бойы отастық. Ал институт бітіргеніме биыл 54 жыл болыпты…

Студенттік шағымның куәсі болған Ақтөбеге кейін де барып тұрдық. Бұл, шынын айтқанда, Әбіштің шығармашылығымен байланысты еді. Ол ешқашан ештеңені көрмей-білмей, сыртынан жазбайтын. Өз шығармаларының басты кейіпкері —Әбілқайыр хан туралы іздене жүріп, еліміздің бірқатар аймақтарын, Ресей мен Өзбекстанды көп аралады. Соның ішінде Әбілқайыр хан жерленген Ақтөбе өңіріне жиі баратын. Сонау Ливенцовтың басшы кезінде, Әбілқайыр ханның жерленген орнын анықтау үшін арнайылап барғаны есімде. Бұл шаруаға жергілікті қарттар көмектесті. Соғыстан зағип болып оралған қария кісінің көмегімен Әбілқайыр хан зиратының орнын анықтағаны да есімде… Жалпы, Әбіш Әбілқайыр хан мен оның бәйбішесі Бопайдың тағдырлары, олар жерленген орындарды анықтау, оларды ұлықтау мәселесі төңірегінде көп толғанатын. Бопайдың зиратының шекараның арғы бетінде қалғанын айтып, уайымдайтын. Әбілқайыр мен Бопайға қатысты әділетсіздіктерге қабырғасы қайысатын. Тәуелсіздік жылдарында Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарының басшыларымен хабарласып, осы мәселелерді талқылайтын еді.

— Жалпы, қалам ұстау — ерекше тағдыр, ерекше ауыртпалық қой. Әбіш аға жазуға отырған сәттерінде күй талғайтын ба еді?

— Ол өте еңбекқор адам еді.Жұмыстан келгеннен түннің бір уағына дейін қағаздан бас алмайтын: жазады, оқиды. Балалардың кішкентай кезінде біз екі бөлмелі пәтерде тұрдық. Ойын баласы әкесінің жұмыс істеп отырғанына қарамай, қасына жүгіріп барып қалады. Ондайда Әбіш ашуланбайтын, «Бұлардың зияны жоқ, ойнай берсін», — деп, жайбарақат жұмысын жалғастыра беретін. Жан-жағында балалардың асыр сап жүргеніне қиналмайтын. Бірақ ересек біреу-міреудің: «Не жазып отырсың?» — деп мазалағанын, әсіресе, қағазына үңілгенді қатты жек көретін.

—Енеңіз Айсәуле — «Әбіштің анасы» атанып, Алматыдағы қазақтың зиялы қауымына ерекше сыйлы болған жан. Ол кісінің үлгі-өнегесі жайлы естеліктермен, өз түйгендеріңізбен бөліссеңіз?

— Менің өмірімде енем — ерекше қадірлі, аса қымбат жандардың бірі. Сүйегі асыл бұрынғы аналар тек перзенті үшін тыныстап, перзенті үшін ғана өмір сүретін… Енем де «Әбіш-Әбіш» деумен өтті. Үш қыздың ортасындағы ұл болғандықтан, Әбішті «жалғызым, ақ патшам» дейтін. Мен келін боп түскенде, ол кісі 58 жаста екен. 98 жасқа келіп, өмірден өтті. 40 жыл бірге тұрдық, 40 жыл бойы үйіміздің құт-берекесі болып, төрімізде отырды.

Ері майданнан оралмай, бүкіл жастық өмірі балалары үшін, солардың болашағы үшін, ауыр еңбекпен, бейнетпен өтсе де, өмірге деген құштарлығы жоғары, рухы биік жан еді. Бала шағынан Әбіштің тілегін тілеп, «жалғызым аман-есен ержетсе, қайда барамын десе де, тұтамдай сүйегім қалғанша, соңына еріп жүремін» — дейді екен. Оқуын бітіріп, Алматыда жұмысқа қалған соң, Әбіш анасының сол айтқанын жерге тастамай, қасына көшіріп әкелуге барады. Сонда ағайын-туысы: «Ойпырмай, ең болмаса үйленген бала да емес, әлі үйленбеген, үй алмаған баланың соңынан, ешбір танысың жоқ, білмеген-көрмеген алыс жерге, жат ортаға қалай бармақсың?» — деп, тоқтатпақ болған. Мамам оларға: «Осы бала туғанда-ақ: «Ұлым азамат болып ержетсе, соңынан қалмаспын», — деген уәдем бар еді. Енді көшіріп әкетемін деп тұрғанда, баламнан қалмаймын» — деп жауап беріп, алған бетінен қайтпапты. Артындағы дүние-мүлікке де қарайламастан, баласына еріп, кете берген. Әбішке деген мейірімі шексіз еді. Оны үнемі айналып-толғанып отыратын. Тіпті достарын, жолдастарын да жақсы көріп, «патшаларым» деп, әрдайым жылы қабақпен қарсы алатын.

Енем ешқашан ешкімді жамандамайтын, бөтен сөз айтпайтын, адамды сөгіп ұрыспайтын. Бірақ қас-қабағымен өз қалағанын істететін. Алматыдағы жазушы-қаламгерлер ортасында өте қадірлі болды. Мүйізі қарағайдай ақын-жазушы, ғалым ағаларымыз «Әбіштің анасы» деп, сыйлап, қонаққа шақырып, төрлерін ұсынатын. Мамамызға деген ел-жұртының құрметі — оның ұлына деген шексіз мейірімінің, перзенті үшін барлық бейнетке, барлық сынаққа қайсарлықпен төзгендігінің қарымтасы да болар?.. Өзі де: «Құдайға, халыққа ырзамын» деген сөзді жиі айтатын.

Ол кісі сөзге де шешен еді. Мен оны бүкіл қазаққа әйгілі Абайдың Зере әжесі тәрізді дана аналардың қатарынан деп білемін. 98 жасқа келді дедім ғой, өмірден өтер шағында бойы шөгіп, құп-құйттай, бір уыс қана болып қалды. Бірақ ақыл-есінен жаңылмады, ақырғы сәтіне дейін бәрін көріп-біліп, ой елегінен өткізіп жатты. Бізге айтқан соңғы тілегі: «Әбішті ешқашан ренжітпеңдер, сыйлап өтіңдер!» — болды. Ананың махаббаты деген, міне, осы.

 Жазып алған Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button